Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналды

 

Елімізде биылғы жылдың үлесіндегі тағылымды әрі тарихи белестердің бірі –өркениеттің ұлы ойшылы, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы атап өтуде. Мерейтойды мерекелеудің басты мақсаты – әл-Фараби мұрасын зерделеуге жаңа серпін беру, әлем тарихындағы оның рөлін айқындап, есімін ұлттық бренд ретінде ұлықтау.

Ұлы даланың  ұлағатты тұлғасы  Әбу Насыр әл-Фарабидің құрметіне колледждің әдістемелік кабинетінің  ұйымдастыруымен  жалпы білім беретін пәндер айлығы шеңберінде орын тапқан студенттердің  ғылыми  конференциясы оздырылды.  Айтулы шара аясында қатысушылар мен шақырылған қонақтар әлемге танылған «ғаламның  Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған» кемеңгер тұлға әл-Фараби туралы пікірлерін ортаға салды.

Конференция барысында Әл-Фараби – қазақ халқының ғана емес, бүкіл әлемдік өркениеттің рухани өркениеттің рухани игілігі, ислам және әлем философиясының жарық жұлдызы, ол әлемді тануға және бүкіл адамзаттың рухани дамуына теңдессіз үлес қосқаны жөнінде пікірлер айтылды. Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы – бүкіл әлемдік ғылым дамуының тарихи іргетасы және бастау көзі. Ұлы ойшылдың 160-тан астам трактатта көрініс тапқан шығармашылығы ғылымның негізгі бағыттарын дамуына ықпал етті. Ол  математика, филология, химия, биология, астрономия, философия, медицина, логика, әлеуметтану, саясаттану, құқықтану, этика және басқа да салаларға өлшеусіз үлес қосқандығы туралы ардагер-ұстаз Қабаш Жүнісов  әңгімелеп берді. Әл-Фарабидің шығармашылық болмысы Шығыс пен Батыс өркениет байланыстыратын рухани алтын көпірге айналды. Көрнекті ойшыл-гуманист ретінде ол өз шығармашылығы арқылы антика және ислам әлемін біріктіре алды. Әлемнің 70 тілін меңгерген ғұлама ғалымның дүниетанымы,  адамзат өркениетінде көзқарасы жер бетіндегі барлық адамдарға бірдей түсінікті әрі тартымды. Оның пікірінше, білім мен ізгілік ажырамас бірлікте болуы керек. Кемеңгер ұстаз «... тек халықтардың бірігуі және өзара көмегі арқылы ғана бақытқа жетуге болады...», - деген.

Осы тақырыпқа орай, әл-Фарабиді алғаш зерттеп, еліміздегі фарабитанудың негізін қалаған ғалым Ақжан Машанидің «... әл-Фараби ғылым мен өнердің барлық саласында өшпес із қалдырған. Әл-Фарабидің қайырлы жаңбырынан нәр алмаған бау-бақша жоқ. Қалың орман да, кең дала да,  тау-тас та, аспандағы жұлдыз да, жердегі құндыз да нәр алған. Солардың бәрі әл-Фараби музыкасында қосылып ғаламның гармония мақамын жырлайды» деген пікірін ортаға салып шара қонағы, күйші – сазгер Шынтемір Рамазанов «Фараби сазы», «Жұмыр қылыш» күйлерін орындап ортаны бір сілкіндіріп тастады.

Конференция барысында дана  ойшылдың  өмір жолы, ғылыми еңбектері, білім іздеу жолындағы ұлы жетістіктері туралы шараға жауапты қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы Ж.Ажмуханова және колледж студенттері  Ж. Бисембаев, М.Садыкова,  А.Қадим баяндап, ғұлама ғалым туралы бейнефильм көрсетілді.

Аудандық кітапхананың оқырмандар қамту бөлімінің меңгерушісі  Алмагүл Джумалиева әл-Фарабиге арналған кітап көрмесімен таныстырып, алдағы уақытта кітап қорының әлі де толықтырылатыны туралы айтты.

Бүгінде әл-Фарабидің өлмес мұрасы қалың көпшілікке кеңінен қолжетімді болып, өскелең  ұрпақтың рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиесіне ықпал етуіне өте маңызды деп есептейміз.

Әдіскер Г.Есмухамбетова

 

Мәтін қосу үшін формасы

Защитный код Суретті жанарту